Біздің жаңалықтар » Т.Рысқұлов атындағы орта мектебі
Алматы облысы білім басқармасының
Жамбыл ауданы бойынша білім бөлімінің
"Т.Рысқұлов атындағы орта мектебі және МЖИ"
коммуналдық мемлекеттік мекемесі
Қабылдау бөлімі :
+7(72770)47416
Есепші бөлімі:
+7(707)7061939
Нашар көрушілер
нұсқасы
01
март
2023

Біздің жаңалықтар

Алматы облысы, Жамбыл ауданы Ұзынағаш ауылындағы Тұрар Рысқұлов атындағы орта мектепте «Ауылдық аймақтардағы тірек мектептерінің әлеуетін арттыру» жобасы таныстырылды,- деп хабарлайды kazgazeta.kz.

Іс-шара ашық есік күні форматында өтіп, мектеппен танысуға аудан тұрғындары, жергілікті атқарушы билік өкілдері, БАҚ өкілдері мен жоба серіктестері, демеушілері келді. Шара барысында оқыту бағдарламасының нәтижесі айтылып, мектептің жаңарған материалдық базасы көрсетілді. Мектеп мұғалімдері, оқушылар мектептегі өзгерістер туралы ой бөлісіп, пікірін білдірді.

Аталған жоба аясында таңдалған мектептердің білім беру сапасын арттыру, ауыл мектептеріне үздік педагогикалық тәжірибелер мен тиімді әдістемелерді трансферттеу мақсатында жұмыстар жүргізіледі.

Жоба аясында мектептің материалдық базасы да толықтай жаңартылды. Яғни мектептегі 37 оқу кабинеті мен қосымша білім беру шеберлік сыныптары толықтай жабдықталды. Бұның барлығы «Қазақстан Халқына» қорының 249 825 000 теңге көлеміндегі демеушілік қаражатына алынды. 

Ауылдық тірек мектептерді дамыту жобасы аясында еліміздің 17 аймағында осындай тірек мектеп таныстырылымын өткізіп үлгерді. Жоба бойынша биыл ел бойынша 53 мектеп ашу жоспарланып отыр. Оқушылардың, ата-аналардың, мұғалімдердің жақсы мектепте жұмыс істеп, оқуы қай тарап үшін де маңызды. Заман талабына сай жабдықталған мектеп жобаның тек қосымша бөлігі ғана. "Біз үшін ауылдық тірек мектептің білім сапасы маңызды.Жақында Оқу-ағарту министрімен осы салаға қатысты заңның толық орындалмайтыны туралы тілдестік. Ендігі кезекте тірек мектептердің мұғалімдері тек өз оқушыларымен шектелмей, аймақтағы басқа мектептің ұстаздарын да оқыта алатын деңгейге жеткізу керек,"- дейді жобаны жүзеге асырушылар. 

"Елімізде ауыл мектебіндегі білім сапасы төмендеп барады. Сондықтан бұл мәселені шешетін жалғыз жол – заңды күшейту. Министрлік орта білімге қатысты концепция қабылдады. Оған сай, ауылдағы тірек мектеп үлгісінде аудандағы басқа мектептерді дамыту керек. Сондықтан, құрметті мұғалімдер, сіздерге үлкен үміт пен жауапкершілік жүктеліп отыр. Тірек мектептердің тиімділігін көрсететін уақыт келді. Бұл жоба тек бастамасы ғана. Тірек мектептер мен басқа да ауылдық мектептерді байланыстыруды жалғастырып, қаржыландырамыз деп жоспарлап отырмыз. Әрине, республикамыздағы барлық тірек мектепті қаржыландырғымыз келеді, алайда қаражат шектеулі. «НЗМ» белгілі бір топқа арналған жеке мектеп ретінде қарастыралатын, осы жоба аясында оның көп мектепке үлгі бола алатынын көрсеттік деп ойлаймын. Кешенді жұмыстан кейін байқағанымыз, ауылдағы тірек мектептер «НЗМ- ның» осы аудандағы өкілдігіне айналғандай. Сол мектептер жақсы нәтиже көрсетіп жатса, әрі қарай жалғастыру керек. Жобадағы мектеп қатары толығуы үшін серіктестер санын да арттыру керек. Өйткені жобаға атсалысып жатқан компаниялар мен қорлардың мүмкіндігі шектеулі. Игі іс жалғасын табу үшін көмек керек", - дейді «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарма төрағасы Болат Жәмішев.

Ұзынағаш ауылы облыс орталығы – Қонаев қаласынан 121,5 км қашықтықта орналасқан. Мектеп директоры Эльмира Макашованың айтуынша, білім ордасының негізі 1928 жылы қаланған, ал мектептің қазіргі ғимараты 1970 жылы салынған, 2008 жылы жөндеу жүргізілген. Мектеп тек қазақ тілінде үш ауысымда оқытады. Қазір мұнда 2239 оқушы білім алып, 208 педагог жұмыс істейді.

95 жылдық тарихы бар оқу орны ресурс орталығы ретінде жұмыс істейді екен. «Шалғай ауылдардағы бала саны аз, шағын жинақталған 6 мектеппен жұмыс істейміз. Балалар бұрын демалыс кезінде оқытылса, қазір өз мектептерінде отырып-ақ біздің онлайн сабаққа қатысады. Жобаға іріктеліп алынғанымыз  үшін қуаныштымыз. Материалдық-техникалық базаның жаңартылуымен қатар, жаңа кабинеттер пайда болды. Қазір робототехника кабинеті пайда болды. Мұғалімдер бұған дейін қолы жетпеген құралдарды алып, оқушылармен бірге түрлі тәжірибе өткізіп жүр. Бұл оқушылардың да көңілінен шығып жатыр», - дейді Эльмира Мақашова.

Жобаның әкімшілік-ұйымдастыру шығындарына демеушілік ететін AITAS холдингінің негізін қалаушы Серік Толықпаев: «Бүгін осы ортадағы ең бақытты адам мен шығармын. Кезінде НЗМ-мен бірлесіп 5 ауыл мектебін жаңарту жобасын бастаған кезде осындай ауқымдағы, республика деңгейіндегі бағдарламаға айналады деп күтпеген едім. Кейін оған көзім жетті, бұл бастаманың елдің бүкіл аймағын қамтитын нәтижелі жобаға айналып келе жатқанына сенімім мол. Біздің холдинг Қазақстан халқына қызмет етуді ұлы міндет деп таниды, ауылдық аймақтарды тұрақты дамыту – миссиямыз деп біледі. Осы орайда ауылдағы білім сапасының артуы бизнесіміздің танымына толық сай келеді», – деп атап өтті.

Білім беруді тұрақты дамыту қоры мен жоба серіктесі – «Назарбаев зияткерлік мектептері» мамандары мектептегі білім беру сапасы мен ортасына қатысты талдау жасады. Оның қорытындысының негізінде білім ордасын тірек мектеп ретінде дамыту бойынша ұсыныстар беріліп, сонымен қатар мұғалімдердің біліктілігін арттыру үшін қажет курстар белгілеп, жоспар жасады.

«Қазақстан халқына» қоры мен AITAS холдингі қаржылай көмек көрсетсе, біз – «Назарбаев Зияткерлік Мектептері» мұғалімдердің біліктілігін арттыруға, әдістеме бойынша қолдау көрсетеміз. Мектеппен жұмысты ең алдымен білім сапасын тексеруден бастаймыз. Мұғалімдердің біліктілігін сынап, оқушылардың білім стандарттарын қалай меңгергенін анықтаймыз. Мұғалімдердің оқушыларға қойған бағасымен салыстырып, балалардың функционалды сауатына мониторинг жүргіздік. Енді келесі жылы да осы мониторингті қайталап, сапаның қалай артқанын бақылаймыз. Біз үшін нәтиже маңызды. Сонымен қатар мұғалімдердің сабағына қатысып, олардың әдістемелік қажеттілігін анықтаймыз. Жеке сөйлесіп, қандай көмек керегін сұраймыз. БББО, ПШО сынды төрт мекеме мұғалімдермен жұмыс істеп жатыр. Бұл жұмыс әлі де жалғасын табады, байланысты үзбейміз. Егер ұстаздарға тиімді болып, білім сапасы көтерілсе, бұл тәжірибені басқа да мектептермен бөлісе аламыз. Әзірге мұғалімдерге де қызық. Жоба оңай емесі анық. Өз оқушыларымызды оқытумен қатар, қосымша тірек мектептерді қолдаймыз. Ауыл мұғалімдеріне де жеңіл емес, өйткені үйреншікті қалпынан шығуға тура келеді. Күні-түні жұмыс істеу керек. Мектеппен танысып жатқанда-ақ талаптың жоғары екенін айтып ескертеміз. Әзірге мұғалімдердің әлеуеті мен қабылдауы қуантып келеді», - дейді «НЗМ» ААҚ Басқарма төрағасы Күләш Шәмшидинова.

Мектеп директорының айтуынша, НЗМ мұғалімдерімен жұмыс қазан айында басталып кеткен. Мамандар алдымен мұғалімдердің білімін байқап, тест алған. Одан кейін біліктілікті арттыру курстарын жүргізген. Директор бірнеше курс, семинар өткізілгенін айтты.

Мәселен, жоспар бойынша 23-24 қарашада мектеп директоры, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары, информатика пәнінің мұғалімі білім беру саласы бойынша халықаралық конференция – ЕdCrunch-қа қатысты. Конференцияға қатысу билетін AITAS холдингі сатып алып берді.2022 жылғы 15-16 желтоқсанда «Оқушылардың функционал сауатын қалыптастыру» тақырыбында барлық пән мұғаліміне арналған 2 күндік офлайн оқыту курсы өткізілді. Республикалық «Білім беру бағдарламалары орталығы» (Астана қ.) тренерлері мұғалімдерге мектеп бағдарламасындағы 14 пән бойынша курс жүргізді.

 «Мұғалімдер күнделікті сабақ жоспарын құрудан бастап, жаңа сабақ беру әдістерін, оқушыларды тиімді бағалауға дейін үйренді. Әдістеме толық жаңарды дей аламыз. Сабаққа бақылаушы болып қатысқанда да оқушылардың белсенділігі артқанын байқап жүрміз. Қазір оқушылар ойын айтуға асық, еркін жеткізеді. Пән апталығын, онкүндіктер ұйымдастырып, әр пәннің оқытылуын бақылап, сабақтан тыс іс-шаралар ұйымдастырып, оқушылардың белсенділігін байқап жүрміз», - дейді мектеп директоры.

Педагогтерге арналған «НЗМ», БББО, ПШО тренерлерінің көмегімен өткізілетін қарқынды оқыту бағдарламасы 2023 жылғы ақпанға дейін жалғасады. Дегенмен қарқынды оқыту бағдарламасы аяқталғаннан кейін мектеп 2025 жылға дейін үшжылдық әдістемелік қолдауға көшеді.  

Оқыту бағдарламаларын жоба серіктесі – «НЗМ» ААҚ ақысыз өткізетінін еске сала кеткен жөн. Ал барлық операциялық, әкімшілік шығынды жоба операторы – Білім беруді тұрақты дамыту қоры AITAS холдингінің демеушілік қаражатымен өтейді.

Похожие публикации:

27 апрель 2017 Мектеп тарихы